«Тәуелсіздік ұрпақтары»
грантының «Мәдениет» бағыты
бойынша жеңімпазы Д.Әкімнің сөзі
Қадірменді Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Құрметті ел ағалары!
Қымбатты Достар!
Осыдан жарты жыл бұрын грантқа құжаттарымды тапсырған кезде мен, Ақорда да Сіздердің алдарыңызда грант жеңімпазы ретінде сөз сөйлеймін деген ой мүлдем болған жоқ. Бұл мен үшін зор мәртебе және ұмытылмас тарихи сәт.
Жастарымыздың танымы терең тұлға болып қалыптасуы үшін мәдениеттің орны ерекше. Осы орайда өскелең ұрпақты театр өнеріне қызықтыру мақсатымен жасаған «Театр. Шығармашылық. Талант» атты жоба әзірледім.
Келешекте фестивальға қатысқан жеткіншектеріміздің арасынан Қазақстанның өнер қайраткерлері шығатынына сенімдімін.
Арманым, болашақта балалар ойнайтын театр ашып, елімізді мәдениет, театр арқылы әлемге әйгілі ету.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, Сіз өскелең ұрпақ мәселесін әрдайым айрықша назарда ұстап, бізге жан-жақты қолдау білдіріп келесіз.
Егемендіктің мерейлі жылында дарынды жастарға арнайы грант тағайындап, талабымызды қуаттап отырғаныңыз үшін Сізге зор ризашылығымызды білдіреміз!
Қадірлі жастар!
Өздеріңіз де көрдіңіздер, бүгін Тәуелсіздік ұрпақтарына ерекше құрмет көрсетіліп, зор аманат жүктелді.
Аманатқа адал болайық!
Тәуелсіздік күні құтты болсын!