Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тапсыру салтанатында сөйлеген сөзінде «Тәуелсіздік жылдарының ішінде Қазақстанда азаматтардың жаңа буыны, лайықты буыны өсіп шықты. Жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі саналады», деді.
Әлбетте, ел Тәуелсіздігінің 30 жылында жастарды қолдауға бағытталған сан алуан нәтижелі жобалар жүзеге асырылғаны белгілі. Басқа елдерде баламасы жоқ «Болашақ» бағдарламасының түлектері сан салада ел игілігіне қызмет етіп жүр. Елімізде «Жастар жылы» аталып өтті, «Волонтер жылы» да жарқын бастамаларға негіз болды. Әлеуметтік пакеттерде жастардың тұрғын үйге қол жеткізуі қарастырылып, көптеген жеңілдік берілді. Мұның бәрі жалындап тұрған жас шағында адамның алға қойған мақсат-мұратын толық жүзеге асыруына ықпал ететіні сөзсіз.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты да еліміз жастарының барлық салада, әсіресе ғылым мен мәдениет, бизнес пен жаңа технологиялар салаларында жан-жақты дарынды, талантты екенін көрсетті. Сондай-ақ бұл жоба аясында елге қызмет етуді қалайтын қазақстандық жастардың үлкен шоғырын көруге, олардың пассионарлық дүниетанымын аңдауға болады. Осындай отаншыл жастар барда ел ертеңінің бүгінгіден де сәулетті һәм дәулетті боларына сеніміңіз беки береді.
«Тәуелсіздік ұрпақтары»
грантының «Мәдениет» бағыты
бойынша жеңімпазы Д.Әкімнің сөзі
Қадірменді Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Құрметті ел ағалары!
Қымбатты Достар!
Осыдан жарты жыл бұрын грантқа құжаттарымды тапсырған кезде мен, Ақорда да Сіздердің алдарыңызда грант жеңімпазы ретінде сөз сөйлеймін деген ой мүлдем болған жоқ. Бұл мен үшін зор мәртебе және ұмытылмас тарихи сәт.
Жастарымыздың танымы терең тұлға болып қалыптасуы үшін мәдениеттің орны ерекше. Осы орайда өскелең ұрпақты театр өнеріне қызықтыру мақсатымен жасаған «Театр. Шығармашылық. Талант» атты жоба әзірледім.
Келешекте фестивальға қатысқан жеткіншектеріміздің арасынан Қазақстанның өнер қайраткерлері шығатынына сенімдімін.
Арманым, болашақта балалар ойнайтын театр ашып, елімізді мәдениет, театр арқылы әлемге әйгілі ету.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, Сіз өскелең ұрпақ мәселесін әрдайым айрықша назарда ұстап, бізге жан-жақты қолдау білдіріп келесіз.
Егемендіктің мерейлі жылында дарынды жастарға арнайы грант тағайындап, талабымызды қуаттап отырғаныңыз үшін Сізге зор ризашылығымызды білдіреміз!
Қадірлі жастар!
Өздеріңіз де көрдіңіздер, бүгін Тәуелсіздік ұрпақтарына ерекше құрмет көрсетіліп, зор аманат жүктелді.
Аманатқа адал болайық!
Тәуелсіздік күні құтты болсын!
Думан ӘКІМ,
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының «Мәдениет» бағыты бойынша жеңімпазы
Источник: https://egemen.kz/article/298700-tauelsizdik-qurdastarynynh-dgasampaz-dgobalary