Қарағандыдағы К.Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрында «Театр –Творчество – Талант» атты халықаралық балалар — жасөспірімдер театрларының фестивалі өтті. Құрамында жас ерекшеліктері 8 жастан 23 жасқа дейінгі өнерпаздар бар еліміздің әр аймағындағы қалалар мен Ресей Федерациясының театр ұжымдары өнер сайыстырды.
Фестивальге былтырдан бері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры демеушілік көрсетуде. Ұйымдастырушы – «Думан Әкім» өнер орталығы.
Шараның мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің театр ұжымдарына тәжірибе алмасу арқылы қолдау көрсету, сондай-ақ, жетекшілерінің кәсіби шеберлігін арттыру.
- Биыл фестивальге 200-ге тарта талантты оқушылар, кәсіби білім алып жүрген студент жастар қатысты. Олар – Нұр-Сұлтан, Тараз, Жезқазған, Екібастұз, Көкшетау, Петропавл, Атбасар, сонымен қатар, Ресей Федерациясының Кемерово, Новосибирск қалаларынан келген. Байқауға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов, Қырғызстанның Халық әртісі Сергей Матвеев, Тәттімбет өнер колледжінің жоғары білікті оқытушысы Любовь Попова қазылық етті, – деді фестивалді ұйымдастырушы Думан Әкім.
Екі күн бойы өнерпаздар «Көркем сөз» және «Спектакль» номинациялары бойынша сынға түсті. Әр номинация жеңімпаздары жас ерекшеліктері бойынша анықталды. Сонымен қатар, ерекше талантымен көзге түскен актерлерге жеке номинациялар бұйырды.
- Мұндай шаралар жастардың қиялына қанат бітіреді. Жастар дың алып келген туындылары патриоттыққа, достыққа, махаббатқа құрылған екен. Осы ұлы сезімдер жас таланттарды өз ісінің майталманы болуға тәрбиелері сөзсіз, – деді Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі театр ұжымының тәлімгері, актер Ұлан Абзалиев.
Байқау қорытындысында «Спектакль» номинациясы бойынша 8 -10 жас аралығында II орын Қарағанды қаласының «TeatRoom» театр студиясына бұйырды.
11-13 жастағы өнерпаздардан құралған Қарағанды қаласының №2 өнер мектебі-ЮНЕСКО – Клубының «Алтын шашу» театр ұжымы бас жүлдені қанжығалады.
14-16 жыл жастағылар арасында да «Алтын шашу» театр ұжымы оза шауып бас жүлдені иеленді.
17-19 жас бойынша Көкшетау қаласының Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің «Бос уақытты ұйымдастырушы-педагог» мамандығының 2 курс студенттерінен құралған театр ұжымы I орынды иеленсе, 20-23 жастағы өнерпаздар арасында Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің «Актер өнері» бөлімінің театр ұжымы жеңіс тұғырынан көрінді. Айта кету керек, бұл – фестивальдағы жалғыз қазақтілді ұжым.
«Көркемсөз» номинациясы бойынша 8-10 жас аралығында Қарағанды қаласының №2 өнер мектебі – ЮНЕСКО – клубының оқушысы Милана Шулятьева бас жүлдені жеңіп алса, 11-13 жас аралығында Қарағанды қаласының №1 өнер мектебі оқушысы Томирис Сұраншиева I орынды иеленді.
14-16 жастағылардан Атбасар қаласынан келген Балалар мен жасөспірімдер орталығының тәрбиленушісі Томирис Сексенбаева бас жүлдеге қол жеткізді.
17-19 жас бойынша Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің «Актер өнері» бөлімінің ұжымы I орыннан көрінді.
20-23 жас арлығында Дарья Иванова (Кемерово мемлекеттік мәдениет институты) бас жүлдені қанжығалады.
Жәлел ШАЛҚАР